Министр балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту врқылы олардың денсаулығын нығайту үшін маңызды екенін атап өтті
Осы жылдың қаңтарынан бастап дене шынықтыру мұғалімдеріне ай сайын 17 697 теңге үстемақы төленеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақшалар, мектептер мен колледждердегі дене шынықтыру мұғалімдерінің айлығына жаңа қосымша ақы тағайындалды. Енді дене шынықтыру мұғалімдерінің еңбекақысына ай сайын қосымша 17 697 теңге төленеді», – деп жазды министр Facebook-те.
Ол дене шынықтыру мұғалімдерінің функционалы кеңейіп отырғанын айтты.
Мұғалімдер әдетте өткізетін дене шынықтыру сабақтарынан бөлек, қосымша спорттық-сауықтыру сабақтарын, яғни секциялар өткізеді.
«Әр мұғалім қосымша секциялық сабақтар өткізеді, сәйкесінше балалар мектептегі қажетті жабдықтарының болуына байланысты түрлі спорт секцияларына қатыса алады», – деп толықтырды Аймағамбетов.
Министр балаларды спорт секциялары арқылы қосымша сабақтарға тарту – салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды спортқа баулу және олардың денсаулығын нығайту үшін маңызды екенін атап өтті.