Атырау, Caspian Life. Өркен-2 ықшамауданының тұрғындары қақаған қыста жарықпен жылусыз күн кешуде. Оған жазда өртенген транформатор себеп.
Тұрғындардың айтуынша, оқыс оқиғадан кейін мамандар ішін жөндеп, сымын ауыстырып берген-мыс. Алайда сол кезден бері жарық жиі сөне бастаған. Жағдайды баяндап, 109-ға да, Атырау-Жарықтан да көмек сұраған.
Асқар ҚҰМАРҒАЛИЕВ, Атырау қаласының тұрғыны
Совет Үкіметінің шиналарын салып, сол кездегі ескі замандағыдай қолмен құрастырып, жинап кетті. Бұл қашанға дейін жалғасатынын сұрағанымызда, жаңа трансформатор ауыстыру керек екендігінің, кішкентай трансформатордың әлі келмейтінін айтып кетті. Атырау-Жарықтың адамдары бізге қарамайды, бұл әкімдіктегі бір адамдардыкі деді.
Жарықтың сөнуі соңғы уақыттары тіпті жиілеп кетті дейді тұрғындар. Электр желісінің 12-13 сағатқа шейін болмауы себепті жылу жүйесінде ақау пайда болып, соның кесірінен бала біткен ауырып қалатын көрінеді. Бұл жерде онлайн сабақ туралы айтудың өзі артық.
Аязды күні аттан салған халықтың мұңынан хабардар ету үшін жауаптылармен байланысқа шықтық. Олар қалалық ТКШ бөлімінің балансындағы агрегаттың өртенгенінен хабардар болғанымен, қазіргі мәселеден бейхабар екенін жеткізді.
Нұрлыбек БИТЕМБАСОВ, қалалық ТКШ транспорт секторының меңгерушісі
-Осы жағдаймен өртенгеннен кейін таныспыз. Бізге ешқандай арыз-шағым да, хат та түскен жоқ. Енді осыдан кейін іштегілермен, Атырау-Жарықпен бірге қарап, мәселені шешеміз. Қалада 50 трансформатор ауысып жатыр ғой, мүмкін солардың біреуін қасына қояр.
Бұл проблема жауаптылардың құлағына енді жеткендіктен, мәселе басшылармен ақылдасып шешіледі деді. Алайда мәселенің қашан біржақты болатынын нақты айта алмады. Бұл 6 ай шырылдаған жұрттың тағы күтуіне тура келеді деген сөз.