Өткен жылы Гвинея шығанағы қарақшылардың көптігіне байланысты әлемдегі мұхиттардың ең қауіпті аймағына айналды.
Соңғы айларда бұл аймақта мұнай танкерлеріне жасалатын шабуыл да едәуір жиілеп кеткен. Сарапшылар Гвинея шығанағындағы қарақшылықты бөлек сала деп атап отыр.
Олар қару-жарақ сату, мұнай тасымалы және ұрланған адамдар үшін төлем талап ету арқылы табыс табатын көрінеді. Бұл аймақта Нигер дельтасының географиясын жақсы танитын, кем дегенде 11 қарулы топ жұмыс істейді. Мұндағы теңіз қарақшылығын көтерілісшілердің федералды билікке және мұнай компанияларының қызметіне деген қарсылығымен байланыстырады.
Өткен жылы қарақшылар экипаждың 150-ге жуық мүшесін ұрлап кеткен. Халықаралық кеме қатынасы бюросының бағалауы бойынша, әлемдегі барлық ұрлықтың шамамен 95%-ы Гвинея шығанағына тиесілі. Көптеген жағдай Нигерияның аумақтық суларында кездеседі. Қарақшыларға Нигерия үкіметі мен қауіпсіздік қызметтерінде жұмыс істейтін адамдар көмектеспесе, олар бұлай еркін жүре алмайтын еді, дейді бақылаушылар.