Смоленск маңында қаза тапқан қазақстандық сарбаздың әскери заттары музейлер қорына тапсырылды. Жауынгердің мүрдесі жанынан сапёр күрегі, каскасы, автомат бөліктері және су ішкен құтысы табылған. Аталған заттардың ішіндегі ең құндысы құтыдағы қағаз -дейді музей басшысы.
Рашида ХАРИПОВА, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы
Негізгі құндылықтар сол ағамыздың жанындағы капсуладан басталады. Оған байланысты көптеген іздестіру жұмыстары жүргізілді. Оған осы Атырау облысы тарихи өлкетану музейі мамандары атсалысты. Соның нәтижесінде ағамыздың мүрдесі өзінің туған жеріне әкелініп жерленді. Онымен бірге келген құндылықтар Атырау облысы тарихи өлкетану музейімен ресубликалық Сарайшық музей қорығының қорығына қабылданды.
Музейлер қоры жаңа деректермен қатар бағалы бұйымдармен де толықты. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Сапарғали Мұқалов бұрынғы Гурьев облысы, Бақсай ауданы, Сарайшық ауылында дүниеге келген. Ол 1940 жылғы 22 қазанда жергілікті әскери комиссариат арқылы қызыл армия қатарына шақырылған. Әскери борышын өтеуді Чита облысында бастады. Кейін 1941 жылы Смоленск шайқасына қатысып, танк дивизиясы құрамында болды. Майдангердің туыстары оның елге жерленуіне жағдай жасаған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Сүйектің туған жерге оралуына тек Атыраудың ғана емес, Ресейдің «Переправа», Павлодардың «Майдан жолы» іздеу отрядтары, Атырау облыстық «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы және өзге де белсенді азаматтар атсалысқан.