CaspianLife, 22 маусым. Атырау облысының прокуратурасы өңірдегі түзеу мекемелерінің аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін белгіленген жалдау ақысының негізсіз жоғары болғанын анықтады. Тексеру барысында нысандардың функционалдық мақсаты, абаттандыру деңгейі және жалға алушылардың ұйымдық-құқықтық мәртебесі дұрыс айқындалмағаны белгілі болып, соның салдарынан жалдау құны негізсіз қымбаттаған.
Қадағалау органының араласуынан кейін мемлекеттік мүлік департаменті қайта есептеу жұмыстарын жүргізді. Атырау облысы прокуратурасы басқармасының бастығы Руслан Құлмұхановтың айтуынша, жалдау ақысы 40 пайызға дейін төмендетілген. Мәселен, бір кәсіпкердің ай сайынғы төлемі 71 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін қысқарса, жылдық төлем көлемі 850 мың теңгеден 550 мың теңгеге дейін азайған.
Нәтижесінде түзеу мекемелеріндегі өндірістік ғимараттарды жалға алып отырған 14 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оларға сөгіс жарияланды.
Прокуратураның бағалауынша, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау сотталғандарды жұмыспен қамтуға да оң әсер етеді. Қазіргі уақытта Атырау облысындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан азаматтардың 80 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған.

