CaspianLife, 23 маусым. Ақтаудың 5-шағынауданының тұрғыны су төлемі бойынша артық есептелген соманы анықтаған. Су есептегіші уақытша жұмыс істемей тұрған кезде «МАЭК» ЖШС орташа көрсеткіштің орнына норматив бойынша есеп жүргізіп, түбіртекке артық 2 630 теңге қосқан.
Тұрғын бұл жағдай бойынша «е-Өтініш» платформасы арқылы облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментіне шағым түсірген. Жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде заңбұзушылық расталды.
– Жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша «МАЭК» ЖШС тұтынушыға негізсіз қосымша төлем есептегені анықталды. Департамент тарапынан қысқартылған тәртіппен 3 миллион 460 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, толық өндірілді, – деді Маңғыстау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Абылайхан Атжариев.
Тексеру қорытындысы бойынша компанияға тұрғынның төлемін қайта есептеу міндеттелді. Ал салынған айыппұл толық көлемде мемлекеттік бюджетке аударылды.
Мамандар тұрғындарды коммуналдық қызметтер бойынша түбіртектердегі есептеулерді мұқият тексеруге және өз құқықтарын қорғаудан қорықпауға шақырады.

