CaspianLife, 23 маусым. Қазақстанда шегірткеге қарсы 1,3 миллион гектар алқап өңделді. Бұл жылдық жоспарланған көлемнің 62 пайызын құрайды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінгі күнге дейін химиялық өңдеу жұмыстары 1,3 миллион гектар ауыл шаруашылығы алқабын қамтыған. Бұл – биылғы жылға болжанған жұмыс көлемінің 62 пайызы. Қорғаныс шараларын 20 шілдеге дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Өңдеу жұмыстары фитосанитариялық мониторинг нәтижелері негізінде жүргізілуде. Яғни, шегіртке ошақтары анықталып, зияндылықтың экономикалық шегіне жеткен жағдайда ғана химиялық өңдеу жасалады. Науқанға шамамен 3,5 мың маман, 556 техника бірлігі, оның ішінде әуе кемелері мен 103 ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған. Барлық өңірлер қажетті пестицидтермен және арнайы техникамен толық қамтамасыз етілген.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. 2025 жылы өңделуі тиіс болжамды аумақ 2,2 миллион гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 30 пайызға аз. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,7 миллион гектарға дейін төмендеп, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 13 пайызға қысқарған болатын.
Министрліктің мәліметінше, ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтірілген жоқ, еліміздегі фитосанитариялық жағдай тұрақты күйінде қалып отыр.

