Ақтаулық тұрғындар бұрынғы балалар алаңының орнына құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне қарсылық білдірді. Ұлтарақтай аумаққа ғимарат салуға мүлдем келіспейді.
Осыған дейін де бұл жердегі ескі ойын алаңқайы сүріліп тасталған. Енді жекеменшік медициналық орталықтың қосымша нысаны салынбақшы.
Елена ИДРИСОВА, Ақтау қаласының тұрғыны
Мен – осы 7 ықшамауданының тұрғынымын. Медициналық орталықтың иесі бұл аумаққа қосымша ғимарат көтермекші. Біз бұған түбегейлі қарсымыз. Айналамызда бизнес орталығы көп. Тіпті, өз ауламызға көлік қоятын орын жоқ. Егер құрылыс бой көтерсе онда мүлде жағдай қиындауы мүмкін.
Елена МИРЯСОВА, Ақтау қаласының тұрғыны
Кәсіпкердің сөзіне мүлде сенбеймін. Ол осы маңайға су жаңа балалар алаңқайын салып береміз деп осындағы тұрғындардан қол жинап жатқанын естідім. Ескі алаң болған еді. Кімнің ісі екені белгісіз, оны да жермен жексен қылды.
Тұрғындардың сөзінше, кәсіпкер оларға басқа жерден алаң салып беруді уәде еткен. Келісімін берсе, осы аумақты түгелімен қоршап алмақ. Ал пәтер иелері аядай жерге нысан салдыртуға қарсы. Олар оның орнына бұрынғы ойын алаңын қалпына келтірсін деп талап қойып отыр. Жұрттың наразылығы қалалық әкімдікке де жетті. Сорақысы сол, кәсіпкер әлі еш рұқсат алмаған.
Еркебұлан ҒАБДҰЛОВ, Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы
Аталған жер учаскесі – мемлекет меншігінде. Яғни, ешқандай заңды және жеке тұлғаға рәсімделмеген. Сонымен қатар, кәсіпкер тарапынан бүгінгі күнге дейін қандай да бір құрылыс жүргізу үшін әкімдікке өтініш түскен жоқ.
Яғни, әкімдік құрылыс жүргізуге рұқсат етпеді. Соған қарағанда кәсіпкердің ісі әзірге заңсыз. Ал рұқсат алуы үшін тұрғындардың келісімі қажет, сол кезде ғана іске кірісуге болады.