Мақаттық белсенді жастар аудан әкімі Шәкір Кейкин және облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нұржан Ермұхановпен кездесті. Жиналыс бейресми, еркін форматтағы пікіралмасу алаңы ретінде ұйымдастырылды.
Олар өздерінің өмір тәжірибесі арқылы жастарға жігер беріп, өңірдің өскелең ұрпағын белсенді болуға шақырды. Жастар да өздерін толғандырып жүрген сауалдарын аудан басшысына жолдап, ұсыныстарымен бөлісті. Сондай-ақ, жастар саясатын дамыту үшін еркін тақырыпта ой таластырып, тұшымды пікірлер айтылды.
Көтерілген мәселелерді аудан басшысы өз назарына алатындығын айтып, қолдау болатынын жеткізді. Кездесуде індет өршіген тұста өз еркімен қайырымдылыққа бет бұрған 11 еріктіге облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы атынан арнайы алғыс хат табысталды.
Мұнайлы өлкеде 14 пен 29 жас аралығында 7 300 жас бар. Волонтер жылында екі жүздей ерікті қайырымдылық шараларға белсенді атсалысып, 400-ге жуық отбасыға азық-түлік пен медициналық масканы тегін таратты.