CaspianLife, 14 қыркүйек. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен және Интерполдың Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген «The Finiko» құрылымдық бөлімшесінің басшысын Түркиядан Қазақстанға қайтарды.
Тергеу барысында «The Finiko» құрылымының нақты кәсіпкерлік немесе инвестициялық қызметпен айналыспағаны анықталған.
Қаржы пирамидасына бұрын тартылған қатысушыларға төлемдер жаңа салымшылардан түскен қаражат есебінен жүргізілген. Осы тәсіл арқылы қатысушыларға табыс түсіп жатқандай әсер қалыптастырылып, азаматтардан қаражат тарту жалғастырылған.
Күдіктінің заңсыз әрекеттері салдарынан қаржы пирамидасына салымшылардың 160 млн теңгеден астам қаражаты тартылған.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тәркілеу шаралары аясында күдіктіге тиесілі, құны 221 млн теңге болатын жер телімі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бұған дейін осы қылмыстық іс бойынша үш адам сотталып, олардың мүлкі тәркіленген. Сот үкімімен олар 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
(Дереккөз: ҚР ҚМА Баспасөз қызметі)

