CaspianLife, 14 қыркүйек. Атырауда әлемнің 20 елінен келген 200-ден астам мергеннің басын қосқан ALTYN ORDA әлем кубогы өтуде. Оның 100-ге жуығы шет мемлекеттердің қатысушылары болса, қалғаны ел спортшылары. Үш күнге созылатын халықаралық додада садақшылар дәстүрлі садақ атудың пута, қалқан және жамбы нысаналары бойынша өзара үздікті анықтайды.
Жапониядан келген қатысушы Киана Киани садақ ату спортына салыстырмалы түрде жақында қызыға бастағанын айтты.
«Соңғы уақытта садақ атуға қатты қызығушылық таныта бастадым. Жапонияда садақ атудың дәстүрлі түрі – кюдо бар. Алдымен осы бағытты меңгердім. Қазір жарыстарға қатыса отырып, садақ атудың басқа түрлерін де байқап көргім келеді», – деді ол.
Спортшы жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және жергілікті тұрғындардың қонақжайлығын атап өтті.
Венгриялық спортшы Виктория Энджел бұл спорт түрімен жеті жылдан бері айналысады.
«Садақ атуға жеті жыл бұрын қызыға бастадым. Менің елімде бұл спорт түрі, сондай-ақ басқа да ұлттық спорт түрлері өте танымал. Қазақстанға алғаш рет келіп отырған жоқпын. Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқанмын. Бұл – Қазақстанға екінші сапарым. Мұнда маған бәрі ұнайды. Әсіресе ұлттық дәстүрлерге үлкен мән берілетіні қуантады», – деді ол.
Турнирді ұйымдастырушылар дәстүрлі садақ атуды кеңінен насихаттау, ұлттық спорт түрін дамыту, спортшылардың шеберлігін арттыру және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң қалыптастыруды мақсат етіп отыр.
Садақшылардың өнерін тәжірибелі төрешілер мен осы саладағы мамандардан құралған команда бағалайды.
Қырғызстаннан келген қатысушы Алмаз Дужунусов жарыстағы бәсекелестіктің жоғары екенін атап өтті.
«Қарсыластардың деңгейі шынымен де жоғары. Біз бұл спортшылармен басқа да турнирлерде кездесіп жүрміз. Спортта ең мықтысы жеңіске жетеді», – деді ол.
Турнир спорттық мақсаттармен қатар, туристік бағытты да көздейді. Ұйымдастырушылар жарыстың өңірдегі ішкі және келу туризмін дамытуға ықпал ететінін күтеді.
Шетелдік спортшылар үшін Атырау облысының тарихи-мәдени нысандарына баруды қамтитын мәдени-танымдық бағдарлама әзірленген. Атап айтқанда, шетелдік қонақтар Сарайшық ауылына барып, аттас тарихи-мәдени музей-қорықты тамашалайды.
Альбина ІЗҒАЛИЕВА




