Caspianlife, 10 қыркүйек. Атырауда 1 қазаннан бастап электр энергиясының тарифі тұрғындар үшін шамамен 30 пайызға қымбаттауы мүмкін. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін тарифті 34 пайызға көтеру ұсынылып отыр.
Бұл туралы «Атырау Жарық» ЖШС мамандары тарифті өзгерту мәселесіне арналған жария тыңдау барысында мәлімдеді.
Егер жаңа тариф бекітілсе, қазіргі таңда 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін 22,29 теңге төлейтін тұрғындар бұдан былай 28,98 теңге төлейтін болады.
Монополистер тарифті көтеру қажеттігін сыртқы ұйымдардан сатып алынатын қызметтер құнының өсуімен, электр энергиясын өткізу көлемінің өзгеруімен және электр энергиясының қымбаттауымен байланыстырып отыр.
«Атырау Жарық» өкілдерінің айтуынша, аталған шығындардың барлығы компанияның тарифіне тікелей әсер етеді. Сондықтан шығындарды өтеудің негізгі жолы – тарифті қайта қарау.
«Электр энергиясы құнының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Бірыңғай сатып алу ұйымы бағаны көтерді. Сонымен қатар электр энергиясын беру тарифі де өсті. «KEGOC» АҚ диспетчерлік қызмет пен ұлттық электр желілерін пайдаланғаны үшін тарифтерін көтеріп отыр. Құрманғазы ауданына электр энергиясын беретін Ресейдегі компания да жыл сайын бағасын арттырып келеді.
Бұған қоса, біздегі электр энергиясын өткізу көлемі азайды. Бұрын бұл көрсеткіш 1 млрд 780 млн кВт/сағат болса, қазір 1 млрд 640 млн кВт/сағатқа дейін төмендеді. Оның себебі – ірі кәсіпорындардың нарықтық саудаға кетуі. Осы факторлардың барлығы тарифке тікелей әсер етеді», – деді «Атырау Жарық» ЖШС директорының электр энергиясын сату жөніндегі орынбасары Тұрлан Дошатов.
Компания тарифті көтеру туралы ұсынысын Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне жолдаған.
Қазір ұсыныс қаралып жатыр. Тиісті орган қазан айына дейін тарифті өзгерту туралы соңғы шешім қабылдауы тиіс.

