CaspianLife, 14 қыркүйек. 19-20 қыркүйек күндері Астанада өңірлердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің жаңа маусымы басталады. Алғашқы жәрмеңкеде Қызылорда және Атырау облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі хабарлады.
Жәрмеңкеде ет және балық өнімдері, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, азық-түлік және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын отандық өндірушілер мен фермерлерден тікелей сатып алуға болады.
Жәрмеңке 19-20 қыркүйек күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді. Мекенжайы: Қарқаралы тасжолы, 1.
Жәрмеңке өтетін орынға №18, 37 және 303 бағыттағы автобустармен баруға болады.
Астана әкімдігінің мәліметінше, өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері 25 қазанға дейін әр демалыс сайын ұйымдастырылады.
Жәрмеңкелердің кестесі:
- 19-20 қыркүйек – Қызылорда және Атырау облыстары;
- 26-27 қыркүйек – Абай, Алматы және Маңғыстау облыстары;
- 3-4 қазан – Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары;
- 10-11 қазан – Түркістан және Батыс Қазақстан облыстары;
- 17-18 қазан – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары;
- 24-25 қазан – Қарағанды және Қостанай облыстары.
Жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – өңірлердегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін елорда нарығына тікелей шығаруға мүмкіндік беру және тұтынушыларға тауарларды делдалсыз сатып алуға жағдай жасау.

