27 жылда «Теңізшевройл» компаниясынан мемлекетке бөлінген қаражат 150 млрд. доллардан асқан. Бұған олардың жергілікті жұмысшыларға берген жалақысы, отандық өндірушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алуға кеткен шығын, салықтар мен роялти кіреді.
Бұдан бөлек, 300 млн. доллар инфраструктураны дамытуға жұмсалды. Өткен жылдың өзінде компания республикалық бюджетке 10 млрд. доллардан астам қаржы құйған. Бұл туралы «Теңізшевройл» мен NCOC-дағы қазақстандық қамтуға арналған облыстық мәслихаттың сессиясында айтылды.
Бүгінде компаниядағы жергілікті жұмысшылардың саны едәуір өскен. Қыркүйектен бастап мекеме қызметкерлерді Теңізге қайта әкеле бастады. Қазір онда 26 мың адам еңбек етеді, олардың 70 пайызы – атыраулықтар. 1996 жылдан бастап қазақстандық қызметкерлердің саны 20-дан 86 процентке дейін өсті. Басшылардың есебінше, алдағы төрт жыл ішінде көрсеткіш 95 пайызға жетуі тиіс.
Айбек КРАМБАЕВ, «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары
Биылғы ауыр экономикалық дағдарыс пен мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан ТШО мекемесі қазақстандық қызметкерлерді көп қысқартпады. Бірақ шетелдік мамандардың мыңға жуығын жұмыстан босаттық.
NCOC басшыларының сөзінше, 22 жыл ішінде компания Атырау мен Маңғыстау облыстарында инфрақұрылымдық және әлеуметтік 215 жобаны жүзеге асырды. Ол үшін 774 млн. доллар бөлінген. Сондай-ақ, отандық өндірушілер тұтынатын тауарлар туралы есеп беріп, олардың көлемі бұрынғыдан да ұлғаятынын айтты. Жергілікті кадрларды қамту тақырыбы да елеусіз қалмады. Осыдан үш жыл бұрын NCOC-да 325 шетелдік маман жұмыс істесе, бүгінде олардың саны – 219.
Жалпы, жергілікті қызметкерлердің тең жартысы – Атырау облысының тұрғындары. Жиын соңында Теңізшевройл мен НКОК-қа жергілікті шағын кәсіпкерлікті микроқаржыландыру, агроөнеркәсіптік кешенге инвестицияларды тарту жұмыстары тапсырылды. Сондай-ақ, мердігер мекемелерге азық-түлік сатып алу кезінде жергілікті ауылшаруашылық өнімдеріне басымдық беру жүктелді. Шетелдік және жергілікті жұмысшылар арасындағы әлеуметтік шиеленісті тудыратын жағдайлардың алдын алу да айтылды.