Жеке кәсіпкердің қарамағында қызмет ететін жүкті әйелдерге міндетті зейнетақы төлемі аударылмаса да, бала босанудан кейінгі өтемақылар беріледі.
Еске салсақ, карантинге байланысты кейбір микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1-сәуірден бастап 1-қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан жіберілетін міндетті төлемдер мен салық өтеуден босатылған еді. Бұл бизнесмендерге жасалған қолдау болғанымен, кей жұмысшылардың түсініспеушілікке тап болғаны рас. Әсіресе, декреттік демалысқа кетем деп жүргендер алдағы жәрдемақыларының төмендеп кететініне алаңдаулы. Алайда уайымдауға негіз жоқ. Себебі, олардың төлемақысы сәуір айына дейін аударылған салыққа байланысты есептелмек. Ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының көмегіне жүгінген шарт.
Жұмыс беруші қол астындағы маманға міндетті зейнетақы жарнасының қорға түспегені туралы анықтаманы беруі тиіс. Оны қызметкер ХҚКО-на тапсырып, өтініш береді. Кейін МӘСҚ анықтаманы тексеріп, босану және бала күтіміне байланысты төлемдерді тағайындайды.