CaspianLife. 15 қазан. Ақтөбе облысында бопсалауға күдікті екі ер адам ұсталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оларды ақша алу кезінде қолға түсірген.
Бірінші оқиға Хромтау қаласында болған. Жаттықтырушы болып жұмыс істейтін жас жігіт еш негізсіз бұрыннан таныс адамынан 500 мың теңге талап етіп, ақшаны бермеген жағдайда күш қолданатынын айтып қорқытқан.
Екінші оқиға Ақтөбе қаласында тіркелді. Жергілікті тұрғын бұрын жақын қарым-қатынаста болған әйелді интимдік сипаттағы бейнежазбалармен бопсалаған. Ол әйелден 700 мың теңге талап етіп, ақша бермесе, бейнежазбаларды оның туыстары мен таныстарына таратып жіберетінін айтқан.
Полиция қызметкерлері екі күдіктіні де жәбірленушілерден ақша алып жатқан сәтте ұстады. Қазір олар уақытша ұстау изоляторында отыр. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олардың мүлкі тәркіленіп, кемінде төрт жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: ztb.kz (иллюстрациялық)

