CaspianLife. 16 қазан. Маңғыстау облысында екі жасар қыз улы қарақұртты жұтып қойып, өлім аузынан қалды. Қазір бала үйінде, алайда ауруханадан шыққанға дейін комада жатып, жансақтау бөлімінде он тәулік ем қабылдаған. Бұл туралы Telegram желісіндегі Halyqstan арнасы хабарлады.
Оқиға туралы ересектерге алты жасар бала айтқан. Көп ұзамай екі жасар қыздың жағдайы күрт нашарлаған. Оны аудандық ауруханадан санитариялық авиация арқылы облыстық ауруханаға шұғыл жеткізген. Ол кезде қыз жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, комада жатқан.
Дәрігерлер қызға қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізген. Бала он тәулік бойы жансақтау бөлімінде емделіп, содан кейін есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған. Тағы төрт күннен кейін қыз үйіне шығарылған.
Биыл Маңғыстау облысында қарақұртқа байланысты жағдай күрделі болды. Маусымның алғашқы он күнінде осы өрмекшілер шаққан бес бала жансақтау бөліміне түскен. Өңірде уға қарсы препарат тапшылығы да байқалып, қосымша дозаларды, соның ішінде Атырау облысынан жеткізуге тура келген.

