Коронавирус жұқтырғандарға арналған инфекциялық аурухананың құрылысы аяқталуға жақын. Басы даудан арылмаған орталықта медициналық жабдықтардың басқасынан бәрі дайын.
Ғимаратта әкімшілік, диагностикалық, ота жасау және жан сақтау бөлімі қарастырылған. Ауруханада қос орындық 56, 3 орындық 16 және бір орындық 6 палата болмақ. Оған сәйкес, әр бөлмеден сыртқа шығатын мүмкіндік бар. Ал медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін желдету жүйесі орнатылған. Құрылыс жұмысы толық аяқталғаннан кейін жергілікті басқарма медициналық жабдықтармен қамтамасыз етпек.
Қуаныш УРАШОВ, құрылыс компаниясының өкілі
Келісім-шарт жасасқанда медициналық жабдықтар көрсетілмеді. Олар қосымша жабдық ретінде келеді. Ал бұл жергілікті биліктің құзыретіне кіреді. Олар жаңадан сатып алуы немесе қолданыстағы құралдарды пайдалана беру мүмкін.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық қондырғылардың жеткізілуін күтуде. Аурухана 10 қарашада вирус жұқтырғандарды қабылдай бастайды. Өңірде дәрігер тапшылығы өзекті болып қала бермек. Әйтсе де, жаңа мекемеде кезекші ауысым арқылы 50 маман қызмет етпекші.
Елдегі алғашқы осындай аурухана астанада бой көтерген еді. Оның құрылысына бар-жоғы екі апта кетсе, мұнайлы астанада 2 ай күтуге тура келді. Қолда бар ақпараттарға сүйенсек, жергілікті мұнай компаниясының демеушілігімен салынған аурухананың құны 8 млрд. теңгеге жетіп жығылады.