Нұрсая ықшамауданындағы 14-үйдің тұрғындары баспаналарының бас сауғалауға жарамсыз екенін айтып, дабыл қағуда. Оған дәліз қабырғаларындағы жарық және жеделсаты мен кіреберістегі қоңыраудың жарамсыз күйде жатқаны себеп болып отыр. Пәтер иелері кооперативіне ескерткенмен, мәселе шешілмеген қалпында қалған. Ал ауладағы балаларға арналған ойын алаңы туралы әңгіме бөлек.
Галина КЛЕВЦОВА, тұрғын
Жуыну үшін жылы суды бір сағаттай күтуіміз қажет. Су жүрмесе, есептегіш құралдың не қажеті бар?! Ақшаны не үшін төлейміз? Біз жылу электр орталығымен байланысып, ондағы жағдайдың да мәз емес екеніне көз жеткіздік. Үйге келген мамандар іштің жылы екенін айтқанмен, дірдектеп жүретініміз анық. Кейде электр пешін қосуға тура келеді, ол дегенің – қып-қызыл шығын! Қашанғы қиналамыз?!
Ал екінші тарап тұрғындардың айлық төлемақыны кешіктіретінін айтады. Олардың айтуынша, қызмет құнына жүрдім-бардым қарайтын пәтер иелері әдетте үйін жалға беріп қоятын көрінеді. Көпқабатты тұрғын үйдің мәселесі мұнымен біткен емес. Электр желісін қасақана қиып кететін бұзақылардың кесірінен тұрғындардың қараңғыда қарманып жататын кездері жиі болады.
Маржан АЖАНТАЕВА, тұрғын
Жабу керек қой бізге, өшіріп-өшіріп кетед. Сол щитокты жап десек, ол біздің міндетіміз емес, өздерін істеңдер дейд КСКка.Біз көшіп келгенде ойбай домофон дедіма, кскға барсам 8 мың деді, каждый неден1000 теңгеден төлеп тұрдық. Домофонды қазір қара бытшыты шықты жоқ.
Тұрғындар қызмет көрсету сапасының төмендігінен жарна төлеуден бас тартқанын айтады. Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында ПИК қызметкерлері шақыртылғанмен, жұрт алдына жүрегі дауалап келген ешкім болмады. Дегенмен кімдікі ақ, кімдікі қара екені арнайы тексеру жүргізілген соң хабарланады дейді мамандар.