«ТеңізШевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасы арқылы әрқайсысы 1 млрд 128 млн. теңгеге салынған 290 орындық қос балабақша 2018 жылдың тамыз айында пайдалануға берілген еді.
Әу баста құрылысқа тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы болса, оны қабылдап алған «Орлан» ЖШС мердігер компаниясы толық дайын болысымен, балабақшаларды қала әкімдігінің меншігіне өткізіпті. Алайда екі жыл өтпей жатып, егіздей болған балабақшалардың қабырғасынан жарық байқалып, едені отырып кеткен.
Айсұлу ҚАРИЕВА, «Өркен-2» балабақша меңгерушісі:
Осы жылдың көктем айларында жерасты суының көтерілуі мен жауын-шашындарға байланысты ғимараттың қабырғаларында жарық пайда бола бастады. Одан кейін еденнің ойылып түсуі байқалды. Қабырғалар еденнен ажыратыла бастады. Соған өзіміз зерттеу жүргізіп көрдік. Зерттеу жұмысының нәтижесінде, жөндеу жұмыстары қажет екені анықталды. Тамыз айының 17-сінен бастап кезекші топтардың ашылуына рұқсат берілгенмен, біз бала қабылдауды тоқтаттық. Өйткені, қауіпті деп шештік.
Дәл осындай жағдай «Әсем-2» бөбекжайында да кездесіп отыр. Қазіргі уақытта қабырғада пайда болған жарықтар мен еденнің отырып кету салдарынан балабақша жұмысын тоқтатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, қос ғимараттың мұндай жағдайға түсуіне сордың үстіне салынғандығы мен жерасты суының әсері болса керек.
Разия ЖҰМАҒАЛИЕВА, «Әсем-2» балабақша меңгерушісі:
«Әсем» – заманауи талаптарға сай жабдықталып, типтік жобада салынған 290 орынды балабақша. Сәуір айында жұмысын тоқтатты. Қабырғада жарықтың пайда болуына, едендердің отырып кетуіне байланысты зерттеу жұмыстарын жасаттық. Қорытындысы бойынша еденге қайта бетон құю, астын нығайту жұмыстарын жүргізу керек екен. Апаттық жағдайда деп танылған жоқ.
Аталған мәселеге орай балабақша ұжымы техникалық зерттеу жасатқан. Нәтижесінде, жағдайдың қанағаттанарлық екені, жұмысты жалғастыра беруге болатыны туралы жауап алыныпты.
Ал су жаңа балабақшалардың екі жылға жетпей жабылуына не итермеледі деген сұраққа қала әкімдігіндегі мамандар жерасты суларының көтерілуін алға тартты. Алайда құрылысқа рұқсат берерде судан құрғамайтын, әрі сайлы жерді таңдауға қандай қажеттілік болды деген сауалға мардымды жауап ала алмадық.
Арай НҰРМАХАНОВА, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:
Көктем айларында екі балабақшаның қабырғасында жарықтар пайда болды. Осыған сәйкес жасалған техникалық қорытынды бойынша балабақшалар жарамды күйде болып тұр.
Әрқайсысы 290 балаға лайықталған қос балабақша дәл бүгін жабық тұр. Құрылысты жүргізген мердігер мекеме «Орлан» ЖШС-нің екі жылдық кепілдік мерзімі аяқталса да, компания көмек ретінде осы күнге дейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп келген.
Кенжебек МЫРЗАҒАЛИЕВ, «Орлан» ЖШС-нің директоры:
«Игілік» бағдарламасы бойынша екі балабақшаның тендерін жеңіп алғанбыз. Жұмыс 2018 жылы аяқталып, құрылыс басқармасына тапсырылды. Көктемгі су тасқыны кезінде жарда жарықтар пайда болып, күні бүгінге дейін көмек көрсетіп келдік. Жарықтарын бітеп, жерін қайта көтеріп берген болатынбыз.
Құлсары қаласында 580 бүлдіршін балабақшаға бара алмай отыр. Құрылыстың қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Ал жергілікті әкімдіктің үнемі судан құрғамайтын сайлы жерді таңдағаны тағы да жұмбақ.