Жаңаөзен қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне келушілердің саны артты. Спортшылардың жалпы саны 38 732-ге жетті. Бұл туралы Жаңаөзен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жаңабай Аймағанбетов мәлім етті.
Оның айтуынша, ұлттық спорт түрін кеңінен насихаттау мақсатында 2021 жылы тоғыз құмалақ, садақ ату, жамбы ату, ат спорты және төбет иттер үйірмелерін қамтитын спорт мектебін ашу жоспарланып отыр.
Жаңабай АЙМАҒАНБЕТОВ, Жаңаөзен қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Пандемияға байланысты наурыз айынан бастап барлық жарыс онлайн түрде өткізіліп келеді. Мысалы, «Балаларды қорғау күні» мерекесіне орай тоғызқұмалақтан онлайн жарыс өтті. Оған елуден аса қала тұрғыны қатысып, ұлттық спорт ойындарының одан әрі дәріптелуіне үлес қосты.
Ат спортын дамыту үшін Құландыдағы ипподромды сенімгерлікпен жалға алып отырған қоғамдық бірлестіктер де өз үлесін қосуда. Кешенде атты бағып-баптаумен 200 адам айналысады. Ал асыл тұқымды иттерді асырап, бағумен айналысушылар саны 50 ден асып отыр.