Республикалық «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік орган басшылары мен әкімдердің қызмет барысында ашықтығын көрсетуге мүмкіндік беретін акцияны бастады. Рейтинг қала мен ауылдық аймақтардың тұрғындарына сауалнама жүргізу арқылы жасақталады.
Индер ауданында жыл басынан бері әлеуметтік инфрақұрылым бағытында біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік нысандар мен саябақтар салынып, елдімекендер арасындағы және ауыл-аймақ ішіндегі тасжолдар жаңартылды.
Аудан әкімі акция аясында өзінің жалақысын жариялады. Тамызға дейін айына 310 мың теңге алған ол қазір еңбекақысының екі есе өскенін айтады. Шенеуніктің қабылдауына жыл басынан бері 119 тұрғын жазылған. Олардың 105-іне кеңес беріліп, 14 тұрғынның сұрағы оң шешімін тапты.
Мейірім ҚАЛАУИ, Индер ауданының әкімі:
Жасыратыны жоқ, тұрғындардың жергілікті атқарушы органдарға деген ойы күрт өзгерді. Мемлекеттік органдардың атқарып отырған қызметіне байланысты сын өте жоғары. Және біз сол талапқа жауап беруге дайын болуымыз керек. Тұрғындарды апта сайын онлайн түрде қабылдап жатырмыз. Бүгінге күнге дейін аудан әкіміне жазылып, кіре алмай жүрген адам жоқ деп толық айта аламын.
Соңғы уақытта Индер ауданында мемлекеттік қызметкерлер тарапынан бірде-бір сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелмеген. Бұл бағытта халықпен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұны ауыл тұрғындары да растап отыр.
Бүгінде Индер ауданының әкімдігі әлеуметтік желіде де белсенділік танытуда. Мысалы, телеграм желісіндегі тіркелушілер саны бес мыңнан асқан. Мұнда ауыл тұрғындары мәселесін әкімге немесе оның орынбасарына тікелей жолдай алады.