Геологтағы сортаңға айналған карьер жуырда толықтай жабылуы мүмкін. Жергілікті «Caspian news» арнасының тілшілері жыл басында осы аймақтағы мәселені тұрғындардың наразылығы бойынша көтерген еді.
Алайда «Арнаулы автобазадағылар» қыркүйекке дейін үш карьердің тек біреуін бітеген. Жұмыстың шабандығына қалада осындай ойықтардың көптігі себеп. Жауаптылардың айтуынша, қазір мердігер мекеме аумақтағы су мен жағымсыз иісті кетіру үшін қала маңындағы құрылыс қалдықтарын жинап, осы сайларға төгіп жатыр.
Алмас ІЗТІЛЕУОВ, «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры:
– Бір карьерді өткен айда жауып болдық. Ол жерді жабуға ай жарым уақыт кетті. Шамамыз келгенше қараша айына дейін үшеуін де толтырып тастауға тырысамыз. Не салсақ та, жер астына сіңіп кете береді. Біз оны толтырып, тегістегелі жатқан жоқпыз. Бар болғаны, жағымсыз иістің шықпауына және жаман судың жиналмауына жұмыс атқарудамыз.
Мекеме басшысы карьерді тұрғындар төгіп кететін қоқыстардан тазалап жатқандарын айтады.