Алмалы ауылдық округіне қарасты Бугорки саяжайы маңындағы қоқыс туралы бейнероликтің әлеуметтік желіні шарлағанына біраз болды. Видеода байқалғандай, шашылған шыны бөтелкелер мен полиэтилен пакеттерден аяқ алып жүру мүмкін емес.
Табиғатта демалуды әдетке айналдырған атыраулықтар қасақана «ұмытылған» қоқысы үшін қызаруды білмейтін сыңайлы.
Тамара ТИТОВА, «Энергетик 5» бағбандық қоғамының төрағасы:
– Келген демалушылар Жайықты да қоқысқа толтырып кетеді. Мына жерде жүріп, ескерту жасасам, өздерінікін дұрыс деп есептейді. Мен барлық қала тұрғындарынан арттарын жинап жүрулерін сұраймын. Бізде жасыл желек аз. Отырғыза қалсақ, оларды жұлып алып, сындырып кетеді.
Қаптаған қалдыққа бей-жай қарамайтын табиғат жанашырлары бұл аумақта «Taza picnic» эко шарасын ұйымдастырды. Өңірдің 500-ге жуық тұрғыны жағалауда бас қосты. Кәрісі де, жасы да қолдарына күрек пен тырма алып, қалың ағаш арасын жинастыруға кірісті.
Мұнда келген әр белсенді бұл істі тәрбиенің бастауы деп санайды. Сондықтан қырық атанға жүк боларлық қап-қап қоқысты шын жанашырлықпен жинады.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қалдықтардың көптігі де, күлімсі иісі де мұнда келген табиғат жанашырларына кедергі бола алмады. 16 гектар жерден 5 камаз қоқыс шығарылып, Атырау халқы жақсылықта бірлігін көрсетті. Кейін еңбекшіл елге түскі ас ұйымдастырылып, арасында ойындарға да кезек берілді. Мұндай Уикэндті ұйымдастыруға атырау қалалық әкімдігінен бастап, бірнеше мекеме қол ұшын созыпты.