Өңірлік Бас редакторлар клубының кезекті мәжілісі Индер ауданында ұйымдастырылды. Дендер топырағына қадам басқан облыс журналистері алдымен қазақ позиясының алыптары – Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовтың ескерткіштеріне тәу етті.
Одан кейін қазақ журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың «Жетілген», «Бодандық пен бостандық» және аудан жастарының шығармаларын топтастырған «Жалын жүрек жырлайды» кітаптарының түсаукесеріне қатысты. Атыраудағы «Ағатай» баспасында жарық көрген туындылар оқырмандарға тарту етілді.
Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ, «Ағатай» баспасының директоры:
– Бүгін өтіп жатқан журналистер күніне орай көп жыл редакторлық еткен Төлеубай Ысқақовтың, Ерсайын Көшековтың жергілікті ақын Самиғолла Ғалымның, жас қызметкер Сұңқар Көшектің кітаптарының тұсаукесері өткізіліп жатыр. Төлеубай Ысқақов аудандық газетте бас редактор бола жүріп бүкіл одақтық Ульянов атындағы сыйлықты жеңіп алды. Жалпы, Индер ауданында зиялылардың белсенділігі өте жоғары. Руханиятты насихаттауда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бас редакторлар жүздесудің екінші бөлімінде өңірдегі журналистиканың бүгіні мен ертеңі, баспасөздің таралымы төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ, аудандық газеттердің материалдық-техникалық базасын уақыт талабына сай жаңғырту, баспасөзге жарнама жаздыруды ұйымдастыру, журналистерді көтермелеу бағытында бірқатар жоспардың көзделгені айтылды.