Caspianlife, 5 қазан. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылындағы мәдениет үйінің қабырғалары жарылып, төбе жабындары ажырап жатыр, ал кейбір бөлмелердің есіктері әрең ашылады. Бұл туралы қызметкерлер айтып берді. Дегенмен, осыдан небәрі үш жыл бұрын ғана ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудан билігі нысанды апатты жағдайда деп санамайды және кемшіліктерді ағымдағы жөндеу аясында ретке келтіруді жоспарлап отыр.
Екі қабатты ғимаратта 10-нан астам мәдениет қызметкері мен кітапханашы жұмыс істейді, ал оның екінші бөлігінде 35 бала спортпен шұғылданады.
Әйтеке би ауданы Мәдениет үйінің директоры Азамат Сәтбеков күрделі жөндеудің 2023 жылы жүргізілгенін еске салды:
«Соңғы рет күрделі жөндеу 2023 жылы жүргізілді. Бұл жұмыстарға «Баспана-Белд» ЖШС-не 62 миллион 810 мың теңге бөлінді. Ол басталмас бұрын техникалық сараптама жасалып, нысанның қайта қалпына келтіруге жарамды екенін растайтын барлық құжаттама дайындалған болатын. Сондықтан Жабасақ ауылдық мәдениет үйін апатты деп тануға ешқандай негіз жоқ. Түсіп қалған сылақты, қабырғалар мен бетонның зақымданған жерлерін жақын арада ағымдағы жөндеу есебінен қалпына келтіреміз».
Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы

