CaspianLife. 6 қараша. Қазақстан астанасында жасанды интеллект қауіпсіздігіне арналған «Акаба процесі» халықаралық саммиті өтіп жатыр. Иордания королі Абдалла II мен Орталық Азия елдерінің көшбасшылары технологияларды қауіпсіз әрі жауапкершілікпен пайдалану мәселелерін талқылауда.
Ақорданың мәліметінше, жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания королі Абдалла II, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысуда. Сондай-ақ кездесуге Әзербайжан Милли Мәжілісінің төрайымы Сахиба Ғафарова, Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және өзге де ресми тұлғалар қатысып жатыр.
Технологиялардың қарқынды дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанымен, киберқауіпсіздік, ақпараттық қатерлер және технологияларды заңсыз мақсатта пайдалану тәуекелдерін де күшейтіп отыр. Саммит аясында қатысушылар осы сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және қауіпсіздік мәселелері бойынша ортақ ұстаным қалыптастыру жолдарын қарастырады.
«Акаба процесі» — 2015 жылы Иордания королі Абдалла II бастамасымен құрылған халықаралық алаң. Оның негізгі мақсаты — терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейту. Бұл алаңда мемлекет басшылары, арнайы қызмет өкілдері мен халықаралық ұйымдар жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен шараларды талқылайды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

