Министрлік сервистердің жұмысындағы іркілістер қазақстандықтардың күнделікті қолданатын цифрлық платформалардың сенімділігіне қатысты орынды сұрақтар туғызғанын мойындады.
«Қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректерін сақтауға арналған серверлер ел аумағында орналасқан және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Алайда бұл бүкіл платформаның автономды түрде жұмыс істейтінін білдірмейді. Такси және жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті кейбір компоненттер Қазақстаннан тыс жерде орналасқан», — деп хабарлады министрлік.
Ведомствоның мәліметінше, пайдаланушылар үшін ең маңыздысы — сервистердің үздіксіз жұмыс істеуі. Сонымен қатар министрлік деректерді ел ішінде сақтау мен цифрлық платформалардың тұрақты жұмыс істеуін екі бөлек міндет ретінде қарастырады. Олардың әрқайсысы кешенді шешімді қажет етеді.
Қазіргі уақытта «Яндекс» компаниясы сервистердің жұмысын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстандағы инфрақұрылымдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасап, қажетті қолдау көрсетуде.
«Қазір «Яндекс» қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрлік компаниямен және Қазақстанның инфрақұрылымдық ұйымдарымен қажетті қолдау көрсету мәселелері бойынша жұмыс істеуде. Сонымен қатар жүктеменің артуы жағдайында такси және жеткізу қызметтерін ұсынатын басқа да платформалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілуде», — деп мәлімдеді ведомство.
Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда «Яндекс» сервистерінің жұмысында жаппай ақаулар байқалды. Компанияның мәліметінше, бұған платформаның деректер орталықтары инфрақұрылымының зақымдануы себеп болған.
Дереккөз: Kapital.kz
Фото: forbes.ru

