CaspianLife, 16 қыркүйек. Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құру ұсынылды. Бұл бастаманы отырыс барысында депутат Айдос Сарым көтерді.
Оның айтуынша, жаңа консультативтік-кеңесші орган депутаттардың сарапшылармен, ғалымдармен және азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты диалог орнатуына мүмкіндік береді.
Қоғамдық палатаның негізгі бағыттарының бірі – заң жобаларына сараптама жүргізу. Депутаттардың ұсынысы бойынша заң жобаларын ресми қарауға дейін, яғни «нөлдік оқылым» кезеңінде талқылау жоспарланып отыр.
Айдос Сарымның сөзінше, заң жобаларын ерте кезеңде талқылау олардың негізгі ережелерін жан-жақты қарастырып, қажетті түзетулер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндік береді.
Сарапшылар Құрылтайдың тұрақты комитеттеріндегі депутаттармен бірлесіп заң жобаларын талқылап, өз ұсыныстарын енгізе алады.
Сонымен қатар Қоғамдық палата алаңында елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылау көзделіп отыр.
Ұсынысқа сәйкес, палата құрамына 50 адам енгізіледі. Олардың арасында:
- Құрылтайдағы барлық партия фракцияларының депутаттары;
- азаматтық қоғам өкілдері;
- сарапшылар;
- үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері;
- өңір өкілдері;
- түрлі саланың мамандары болады.
Қажет болған жағдайда жекелеген мәселелерді талқылауға ғалымдар, салалық мамандар, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері шақырылады.
Айдос Сарымның айтуынша, Қоғамдық палата қоғамдық сараптама мен кәсіби пікір алмасуға арналған тұрақты алаңға айналып, Құрылтай мен қоғам арасындағы кері байланысты күшейтуге тиіс.
Бастамашылар жаңа палатаның жұмысында бұған дейін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы пайдаланған тәжірибені ескеруді ұсынып отыр. Бұл алаңдарда заң жобалары сарапшылармен, ғалымдармен, қоғам белсенділерімен және үкіметтік емес сектор өкілдерімен бірге талқыланған.

