CaspianLife, 18 тамыз. Ақтөбеде жаңа кәріздік тазарту құрылыстары кешенінің құрылысы басталды. Қолданыстағы станция 45 жыл бұрын пайдалануға берілген және бүгінде 70 пайызға тозған.
Қазіргі уақытта станцияға тәулігіне орта есеппен 70-80 мың текше метр ағынды су түседі. Ал су тасқыны кезеңінде бұл көрсеткіш 95 мың текше метрге дейін жетеді. Бүгінде қаланың 62 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін тәулігіне 100 мың текше метрге дейін ағынды суды тазартуға мүмкіндік туады. Ал ең жоғары жүктеме кезінде өндірістік қуаты 130 мың текше метрге дейін жетеді.
«Қазіргі жұмыс істеп тұрған станцияда тазартудың екі кезеңі – механикалық және биологиялық тазарту қарастырылған. Ал жаңа нысанда төрт деңгейлі тазарту жүйесі енгізіледі. Нәтижесінде тазартылған суды балық шаруашылығында пайдалануға болады. Яғни оны өзенге ағызуға да мүмкіндік туады. Бұл техникалық су болады. Су қайта пайдалануға жарамды деңгейге дейін тазартылып, қосымша өңдеуден өтеді», – деді «Aqtobe Su-Energy Group» АҚ бас директоры Нағымжан Алдияров.
Құрылыс жұмыстарын 2028 жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны шамамен 43 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Облыс әкімі бұл шығындар тұрғындарға қосымша қаржылық салмақ түсірмеуі тиіс екенін атап өтті.
«Енді сіздерге айтылған тариф пен қаржыландыру мәселесіне тоқталайын. Біз қаражатты Еуропалық банк арқылы алдық. Тұрғындарды алаңдатып отырған тариф мәселесіне келсек, оның 90 пайызын республикалық бюджеттен, 10 пайызын жергілікті бюджеттен жабамыз. Қалай болғанда да, тариф мәселесі қоғамдық тыңдауға шығарылады. Бірақ қазір тарифті көтеру туралы жоспарымыз жоқ. Кәріз жүйесіне қатысты да жағдай дәл осындай болады», – деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Қолданыстағы тазарту станциясы жаңа кешен толық пайдалануға берілгенге дейін жұмысын жалғастырады. Жобаны іске асыру қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Камшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақтөбе облысы
Фото: nurgasyr.kz

