Caspianlife, 18 тамыз. Атырауда Солтүстік айналма автожолы келер жылы толық пайдалануға беріледі. Бұл туралы брифинг барысында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілі мәлімдеді.
Қала ішіндегі көлік қозғалысын жеңілдетуге бағытталған жоба үш кезеңге бөлінген. Алғашқы екі кезең аясында 22 шақырым жолды биылғы жылдың соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Ал Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысы келер жылы аяқталады. Бұған дейін айналма жолды пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілген болатын.
«Айналма жол маңында жеке меншіктегі жер учаскелері болды. Оларды сатып алу рәсімі аяқталды. Сонымен қатар көпір құрылысын жүргізетін қосалқы мердігерді анықтау жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты 2026 жылдан бастап мерзімді бір жылға ұзарттық. Биылғы 1 тамыздан бастап қосалқы мердігер анықталды. Қазір Жайық өзенінде көпір тіректерін орнату жұмыстары басталып, жүргізіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін өзендегі тіректердің құрылысын толық аяқтау жоспарлануда. Көпірді келер жылы пайдалануға беруді көздеп отырмыз», – деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АФ директоры Ардақ Қайреденов.
«Атырау – Орал» автожолын пайдалануға беру мерзімі де өзгерді. Биыл мамыр айында басталған құрылысты барынша қысқа мерзімде аяқтау үшін бірнеше қосалқы мердігер ұйым тартылған. Қазіргі таңда жолдың 12 шақырымына асфальт төселді, ал 27 шақырымда негізгі қабат толық төселген.
«Мұқыр – Құлсары» автожолындағы орташа жөндеу жұмыстарын биыл аяқтап, күзде көлік қозғалысын ашу жоспарланған.
Ал «Доссор – Құлсары – Бейнеу» автожолы 2027 жылы пайдалануға беріледі.
«Атырау – Доссор» автожолының 86 шақырымын қайта жаңғырту бойынша конкурс жарияланды. Жобаның негізгі мақсаты – жолды екі жолақтан төрт жолаққа дейін кеңейту. Мамандар бұл жобаны екі-үш жыл ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Бибігүл ТАНАТАР

