Caspianlife, 17 тамыз. Оралда темекі өнімдерінің заңсыз айналымының ірі схемасының жолы кесілді. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері акциздік маркалары мен міндетті цифрлық таңбалауы жоқ 102 мыңнан астам қорап темекіні тәркіледі.
Ведомство мәліметінше, заңсыз схеманы Орал қаласының тұрғыны ұйымдастырған: темекі өңірге еліміздің басқа облыстарынан жеткізіліп, ал тауардың ірі партиялары Орал қаласы мен Бәйтерек ауданындағы тұрғын үйлерде, оның ішінде сақтау мақсатында туыстары мен таныстарының үй-жайларында жасырылған.
Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан жалпы құны 99 млн 400 мың теңге болатын 102 418 қорап темекі бұйымдары тәркіленді. Бұл ретте бюджетке 37 млн теңге акциздік төлем түспеген. Тәркіленген өнімдер жойылуға жатады.
Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға тергеушісі Лаура Оразғалиева былай деп айтып өтті: «Тергеу қорытындысы бойынша Орал қаласы тұрғынының әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды. Сот Орал қаласының тұрғынын кінәлі деп таныды. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орайластырылған рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты іс бойынша өндіріс тоқтатылды».
Зарема ӨТЕПОВА, Батыс Қазақстан облысы
(Сурет ашық дереккөздерден алынған)

