CaspianLife, 7 тамыз. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов мәлімдеді.
«Қазгидромет» автоматтандырылған станцияларының мәліметіне сәйкес, биыл алты айда ауадағы күкіртсутегінің жоғары ластану жағдайы 25 рет тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 89 болған.
– Ауа сапасын тұрақты бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл жарты жыл ішінде атмосфералық ауаға 59 сынама алынып, 239 зертханалық талдау жүргізілді. Сонымен қатар кәсіпорындардың өндірістік экологиялық бақылау есептері де сарапталуда, – деді департамент басшысы.
Спикердің айтуынша, күкіртсутегінің негізгі көздері – мұнай өңдеу және мұнай-газ кәсіпорындары, булану алаңдары мен кәріз сорғы станциялары.

