Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы тікелей байланысқа шығып, тұрғындар сауалдарына жауап берді. Онлайн кездесуде жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін айтуына да толық мүмкіндік жасалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімнің әлеуметтік желідегі тікелей эфирі бір жарым сағатқа созылды. Келіп түскен 300-ден астам сұрақтың 100-ге жуығына жауап берілді. Аймақ басшысына қойылған сұрақтың басым бөлігі карантин режимі кезінде қашықтықтан оқыту мәселесі, интернет желісі, медицина қызметіне алаңдаушылық танытқан тұрғындардан жолданды.
Серікбай Трұмов өз кезегінде әр сауалға толыққанды жауап беріп, балаларының білімі үшін алаңдаған ата-аналарға КВИ таралуын азайтуға бағытталған шаралар екенін түсіндірді. Сондай-ақ, тұрғындарды пандемия тәртібіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларына мұқият болуға шақырды.
Кезек күттірмейтін бірнеше мәселе бойынша аймақ басшысы қала, аудандарға өзі барып, арнайы танысуға уәде берді. Соның бірі – 16-шағынаудандағы «Жеңіс»ТҮК тұрғыны Нұрғаным Имашеваның сауалына қатысты арнайы мамандармен бірге баратынын айтты.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде көпке танымал тұрғын Жәнібек Қожықтың егін шаруашылығы бойынша жолдаған ұсынысына аймақ басшысы Қарақия ауданы «Бөрібай» шаруа қожалығына арнайы барып, Абдолла Мырзаевтың тәжірибесімен жеке танысатынын мәлімдеді. Осылайша ауыл шаруашылық саласын ілгерілету мәселесін назарға алсаңыз деп өтініш білдірген диқандардан бастап, әлеуметтік сипаттағы сумен қамтамасыз ету, жол жөндеу, қаланы абаттандыру мәселелерін көтерген азаматтар да өз пікірлерін білдірді.
Серікбай ТРҰМОВ, Маңғыстау облысының әкімі:
– Жаһанды жаулаған пандемияның алдын алу үшін елде енгізілген карантин салдарынан азаматтарды тікелей қабылдау мүмкін болмай тұр. Сондықтан әлеуметтік желі – тұрғындарға жиналған сұрақтарға жауап берудің тамаша мүмкіндігі. Осындай онлайн-кездесулер карантиндік шектеулердің қолданылу мерзімінің соңына дейін жалғасады. Ал уақыттың шектеулігіне байланысты жауап берілмей қалған сауалдарға жауап берілетін болады.
Технологияның жаңашыл мүмкіндігін пайдаланып арнайы уақыт бөліп, азаматтардың сауалдары мен өтініштеріне құлақ түрген облыс басшысына алғыс білдіргендер де болды.