CaspianLife, 1 қазан. Атырауда болашақ медицина мамандары арасында MEDSKILLS ATYRAU-2026 республикалық чемпионаты басталды. Еліміздің 16 өңірінен келген студенттер «Медициналық және әлеуметтік күтім» құзыреттілігі бойынша сайысқа түсіп жатыр. Чемпионаттың мақсаты – «Мейіргер ісі» мамандығында білім алып жатқан студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру.
Чемпионаттың ашылу салтанатында облыс әкімі Болат Ақшолақов қатысушыларға сәттілік тілеп, мейіргер мамандығының маңыздылығына тоқталды.
«MEDSKILLS ATYRAU-2026 – жай ғана кәсіби байқау емес. Бұл – білім мен тәжірибе тоғысатын, жастардың таңдаған мамандығына деген жауапкершілігін қалыптастырып, үнемі ізденуге ынталандыратын алаң. Мейіргер – абыройлы мамандық. Ол тек медициналық көмек көрсетумен шектелмейді, науқасқа қамқорлық жасап, шынайы жан жылуын сыйлауды да қамтиды. Сондықтан әр қатысушының кәсіби білімімен қатар адамгершілігі мен жауапкершілік деңгейі де бағаланады», – деді Болат Ақшолақов.
Байқау биыл екінші рет өткізіліп отыр. Алғашқы чемпионат 2025 жылы Жетісу облысында ұйымдастырылып, жеңімпаз атанған Атырау студенті Гүлназ Исмаилова болатын. Осыған байланысты келесі чемпионатты Атырау облысы қабылдады. Байқау ережесіне сәйкес, келесі чемпионат жеңімпаз студент білім алатын өңірде өткізіледі.
Қатысушылардың бірі, үшінші курс студенті Айымгүл Иманқұл жарысқа екі-үш апта дайындалған.
«Мен “Мейіргер ісі” мамандығының үшінші курсында оқимын. Өзімде мейіргерге қажетті қасиеттер бар деп ойлаймын. Себебі адамдарға көмектесіп, оларға қамқорлық жасағанды шын жүрегіммен ұнатамын. Бұл байқауға шамамен 2-3 апта дайындалдым», – деді Айымгүл Иманқұл.
Чемпионаттың мамандардың біліктілігін арттырудағы маңыздылығын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев те атап өтті. Оның айтуынша, Атырау жоғары медициналық колледжінде 3 мыңнан астам студент білім алады. Олардың шамамен 2 мыңы мейіргер болуды жоспарлап отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, колледж түлектері жұмысқа орналасу бойынша жоғары көрсеткішке ие.
«Жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жақсы. Нақты айтсақ, 100 пайызға жетеді деуге болады. Біз жыл сайын мониторинг жүргіземіз. 2026 жылы медициналық колледжді “Мейіргер ісі”, “Фельдшер ісі” және басқа да мамандықтар бойынша 500-ден астам түлек бітірді. Қазіргі таңда олардың барлығы жұмыспен қамтылған», – деді Қайсар Абдалиев.
Чемпионат екі күнге созылады. Жеңімпаздың есімі 2 қазанда белгілі болады.
Бибігүл ТАНАТАР

