CaspianLife, 30 қыркүйек. Атырауда электр энергиясының тарифі тұрғындар үшін 10 пайызға, ал жылу энергиясының бағасы 5 пайызға өсті. Жаңа тарифтер 2026 жылдың қазан айынан бастап қолданылады.
Бұған дейін энергетикалық компаниялар жария тыңдау барысында электр энергиясының тарифін шамамен 30 пайызға, ал жылу энергиясының тарифін 31 пайызға көтеруді ұсынған болатын.
Электр энергиясының тарифі қанша болды?
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мамандарының айтуынша, жеке тұлғалар үшін электр энергиясының тарифі 10 пайызға көтерілді.
Осыған дейін тұрғындар 1 кВт/сағат электр энергиясы үшін қосылған құн салығынсыз 22,29 теңге төлесе, енді тариф 24,52 теңгені құрайды.
Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелер үшін тариф өсімі жоғары болады.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті бөлім басшысы Жанар Дәрібаеваның айтуынша, заңды тұлғалар үшін тариф 25 пайызға, ал бюджеттік мекемелер үшін 61 пайызға дейін көтерілген.
Жылу бағасы да өсті
Жылу энергиясының тарифі тұрғындар үшін 5 пайызға артты.
Бұған дейін тұрғындар 1 Гкал жылу үшін орта есеппен 5786,82 теңге төлеген. Жаңа тариф бойынша оның құны шамамен 6000 теңгеге жетеді.
Жанар Дәрібаеваның айтуынша, тарифтің өсуіне компания қызметкерлерінің жалақысын арттыру және электр энергиясы бағасының қымбаттауы әсер еткен.
Заңды тұлғалар үшін жылу тарифі 10 пайызға, ал бюджеттік мекемелер үшін 16 пайызға көтерілген.
«Қазіргі таңда департаментпен осы компания қызметкерлерінің жалақысын өсіру және электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты жеке тұлғалар үшін 5 пайызға, заңды тұлғалар үшін 10 пайызға, бюджеттік мекемелер үшін 16 пайызға өсіруге келістік. Қазіргі таңда Ұлттық жоба бойынша қарастырылған шығындарды ескерген жоқпыз. Ол әлі қаралу үстінде», – деді Жанар Дәрібаева.
Айта кетейік, Атыраудағы жаңа электр энергиясы мен жылу тарифтері 2026 жылдың қазан айынан бастап есептеле бастайды.
Жарқынай ҚАНАТОВА

