CaspianLife, 3 тамыз. Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі заңсыз қаржы алу схемаларын анықтады. Ведомствоның мәліметінше, шамамен 140 мың азамат медициналық ұйымдарға жалған тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаражат аударылған.
Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асады.
Агенттік мәліметінше, Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасыныңауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу барысында МӘМС аясында бөлінген қаржы іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылғаны анықталған. Кәсіпкерлердің деректемелері ақшаны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 миллион теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынған.
Астанадағы «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаражат алғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды заңсыз тіркеуге байланысты өтінімдерді мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталған. Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені және «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 миллион теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделгені анықталған.
Ал Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, пациенттерге іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал жалған құжаттарды рәсімдеу кезінде дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған азаматтардың жеке деректері пайдаланылған. Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтірілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз пайдалану деректерін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстардың жалғасып жатқанын хабарлады.
Дереккөз: Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі.

