CaspianLife, 3 тамыз. Маңғыстау облысында түйе шаруашылығы мен шұбат өндірісін дамытуға арналған Shubat Fest фестивалі ұйымдастырылады. Жоба Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып, өңірдің дәстүрлі кәсібін дамытуға, ұлттық тағамды кеңінен насихаттауға және сала мамандарының тәжірибе алмасуына арналған маңызды алаңға айналмақ.
Фестивальдің негізгі мақсаты – шұбатты ұлттық бренд ретінде дамыту, түйе шаруашылығының экономикалық әлеуетін арттыру, отандық өндірушілердің өнімдерін кеңінен таныстыру, сондай-ақ саладағы заманауи тәжірибе мен инновацияларды біріктіру.
Байқауға қатысу үшін онлайн өтінім қабылдау 1–10 тамыз аралығында жүргізіледі. Одан кейін қатысушыларды аккредиттеу кезеңі өтіп, қазылар алқасы бағалау жұмыстарын жүргізеді. Ал «Үздік шұбат» номинациясы бойынша жеңімпаз лабораториялық сараптама нәтижелері мен халықтық онлайн дауыс беру қорытындысы негізінде анықталады.
Фестиваль бағдарламасы аясында шұбат пен түйе сүтінен өндірілген өнімдердің көрмесі, үздік өнімдер байқауы, дегустациялар, ғылыми-практикалық кездесулер, салалық пікірталастар, фермерлердің тәжірибе алмасу алаңдары және мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сонымен қатар, фестивальде тек «Үздік шұбат» номинациясы ғана емес, түйе сүтінен дайындалатын ұлттық өнімдердің де үздіктері анықталады. Атап айтқанда, «Түйе сүтінен жасалған ең дәмді құрт», «Түйе сүтінен жасалған ең дәмді балқаймақ», «Түйе сүтінен жасалған ең дәмді десерт» және басқа да арнайы номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталады. Бұл байқаулар түйе сүтінен өндірілетін өнімдердің алуан түрлілігін таныстырып, жергілікті өндірушілердің үздік тәжірибесін дәріптеуге мүмкіндік береді.
Фестивальге еліміздің әр өңірінен түйе шаруашылықтары, қайта өңдеу кәсіпорындарының өкілдері, ғылыми ұйымдар, мемлекеттік органдар, инвесторлар мен кәсіпкерлердің қатысуы күтілуде.
Shubat Fest – тек мерекелік фестиваль ғана емес, түйе шаруашылығын дамытуға, шұбат өндірісін ұлғайтуға және ұлттық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта фестивальді халықаралық деңгейдегі дәстүрлі салалық іс-шараға айналдыруды көздеп отыр.
Фестиваль аясындағы байқаудың бас жүлдесіне су жаңа автокөлік тігіліп отыр.
Байқауға қатысу шарттары мен тіркелу тәртібі shubatfest.kz сайтында жарияланған.

