CaspianLife, 31 шілде. Атырау қаласының Самал ықшамауданында салынып жатқан шипажай-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жоба өткен жылдың жазында басталған. Жалпы аумағы 173 гектарды құрайтын кешеннің құрылыс алаңында қазіргі таңда іргетас құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жоба аясында табиғи тұзды көлдер тереңдетіліп, олардың жағалауы абаттандырылады. Сонымен қатар демалыс аймақтары, серуендеу жолдары мен амфитеатр салу жоспарланған. Бұған қоса, көл суының құрамы ғылыми тұрғыда жан-жақты зерттелмек.
Кешенде ақылы және тегін қызметтер қатар көрсетіледі. Әсіресе түрлі сырқатқа шалдыққан балаларға арналған сауықтыру және оңалту бағдарламалары тегін ұйымдастырылмақ.
«Texol Group» компаниясының PR-директоры Мадина Қазбекованың айтуынша, жобаның алғашқы кезеңін 2027 жылдың тамыз айында аяқтау көзделіп отыр. Осы кезеңде дене шынықтыру-сауықтыру кешені, үлкен теннис корттары, жабық және ашық бассейндер пайдалануға беріледі.
Келесі кезеңде шипажай мен емдеу-оңалту орталығы салынып, олар заманауи медициналық және диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Кешен ауысымдық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге және өңір тұрғындарына сауықтыру әрі оңалту қызметтерін көрсететін болады.
Сондай-ақ жоба аясында жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру, еліміздің басқа өңірлері мен шетелден тәжірибелі дәрігерлер мен реабилитологтарды тарту жоспарланған.
Жобаны толық аяқтау алдағы 3–4 жыл ішінде жүзеге асырылады.

