Caspianlife, 24 маусым. Маңғыстау облысында күштік құрылымдардың бірлескен арнайы операциясы барысында заңсыз айналымнан шамамен 20 келі марихуана тәркіленді. Операцияға облыстық полиция департаментінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және прокуратура қызметкерлері қатысып, барлық іс-шаралар республикалық «Қарасора» және «Дәрмек» жедел-профилактикалық шаралары аясында жүргізілді.
Күдікті Ақтау қаласындағы базарлардың бірінде ұсталды. Оның қоймасы мен тұрғылықты мекенжайын тінту барысында өсімдік тектес есірткі заттары және оларды пайдалануға арналған құралдар табылған. Сот-химиялық сараптама тәркіленген заттың аса ірі көлемдегі марихуана екенін растады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және прокуратураның үйлестіруімен заңсыз айналымнан шамамен 20 келі марихуананы тәркіледі. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Маңғыстау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Нұрбол Бақтыбай.
Негізгі күдіктіден бөлек, қылмысқа қатысы болуы мүмкін тағы бір адам анықталды. Оған қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Оның қылмысқа қатыстылық дәрежесі тергеу барысында нақтыланатын болады.

