CaspianLife, 13 мамыр. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ұялы байланыс тарифтерінің негізсіз қымбаттауы мен интернет сапасының төмендігі қатаң сынға алынды. Депутаттар кейбір операторлардың қызмет құнын 300 пайызға дейін өсіргенін мәлімдеп, үкіметтен бақылауды күшейтуді талап етті. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев телекоммуникация нарығындағы бағаның өсуі халықтың наразылығын тудырып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары тарифтердің өсімі рекордтық көрсеткішке жеткен.
«2022-2023 жылдан бері тарифтер 20-дан 90 пайызға дейін өсті. Кейбір операторларда бұл көрсеткіш тіпті 300 пайызға жетіп отыр. Операторлар бағаны өздері белгілегенімен, мемлекет оның қаншалықты негізді екенін тексеретін тетіктерге ие болуы тиіс», — деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бағаның өскенін мойындады, бірақ мұның объективті себептері бар екенін алға тартты. Министрдің сөзінше, бағаның өсуіне 5G желісін енгізу, инфрақұрылымға салынған инвестициялар мен интернет-трафикті тұтынудың 70 пайызға артуы әсер еткен.
«Инфрақұрылымдық шығындарға қарамастан, бір гигабайттың құнын есептегенде байланыс қызметі шамамен 15 пайызға арзандаған. Биыл бір гигабайттың орташа құны 82 теңгені құрап отыр», — деп түсіндірді Жаслан Мәдиев.
Депутат Ринат Зайыт министрліктің жауабына көңілі толмайтынын ашық білдірді. Ол ведомствоның интернет сапасына да, бағасына да, тіпті заңсыз жарнамаларға да араласа алмайтынын сынға алды.
«Сіздердің жауаптарыңыздан түсінгенім – интернет сапасына да, бағасына да жауап бере алмайсыздар. Тіпті адамдар қаламайтын жарнамалар мен автодозвоннан да қорғай алмайды екенсіздер. Сонда тұтынушылардың құқығын кім қорғайды?», — деп сауал тастады Ринат Зайыт.
Бұған жауап ретінде министр азаматтардың сапаға қатысты шағымдары міндетті түрде қаралатынын және монополистерге қатысты реттеу шаралары жүргізілетінін айтып ақталды.
Тағы бір мәжілісмен Асхат Аймағамбетов елдің мазасын алып біткен «автодозвон» (автоматты қоңырау шалу) мәселесін көтерді. Бұл бағытта министр Жаслан Мәдиев нақты шешім ұсынбағанымен, мәселені алдағы уақытта егжей-тегжейлі талқылауға уәде берді.
Жиын соңында депутаттар байланыс саласындағы монополияға қарсы бақылауды күшейту және халықтың әлеуметтік жағдайына әсер ететін тарифтерді қайта қарау қажеттігін тағы да шегелеп айтты.
(Ақпарат Caspian News телеарнасының материалдары негізінде дайындалды)

