CaspianLife, 13 мамыр. Ақтөбедегі Оңтүстік-Батыс ықшам ауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері сапалы жолдың жоқтығына шағымданып келеді. Халықтың айтуынша, тұтас бір ауданға 15 жылдан бері талапқа сай жол салынбағанын, деп хабарлайды Caspian News.
Тұрғындардың сөзінше, көшелердің ойдым-ойдым болуы салдарынан аудан халқы батпақ пен шаңнан көз ашпай отыр. Сонымен қатар мердігер компаниялардың жиі ауысуы құрылыс жұмыстарының созылып кетуіне себеп болған.
Оңтүстік-Батыс ықшам ауданының тұрғыны Құрманғали Мұзбаев бөлінген қаржыға қарамастан, жол мәселесі шешілмей отырғанын айтты.
– Миллиардтаған ақша бөлінеді. Бірақ көше салынбайды. Бордюрді салып, қайта алып тастайды. Жолды төсеп, келесі жылы қайта бұзады. Қармен бірге еріп кетеді. Осылай 15 жыл өтті. Такси де кірмейді, көлік те жүре алмайды. Автобус мүлде қатынамайды. Құзырлы органдар тексеру жүргізуі керек, – дейді тұрғын.
Жергілікті халықтың айтуынша, жолдың нашарлығы салдарынан жедел жәрдем көлігінің келуі де қиындаған. Ал мектеп оқушылары балшық кешіп қатынауға мәжбүр.
Тағы бір тұрғын Айгүл Әлімбаева былтыр ғана салынған жолдың сапасыз болғанын жеткізді.
– Былтыр күзде салынған жол қармен бірге шайылып кетті. Балалар мектепке балшықпен барып жүр. Халық қатты қиналып отыр, – дейді ол.
Ал Ақтөбе қалалық әкімдігі жобаның жалпы құны 7,7 миллиард теңге екенін мәлімдеді. Оның бір миллиард теңгесі өткен жылы игерілген. Алайда әкімдік өкілдері кей көшелердің мердігерлердің салғырттығынан талапқа сай салынбағанын мойындады.
Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Әділбек Ахмет қазіргі таңда «Максдорстрой сервис» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, биыл Тайманов және Халида Маманова көшелеріндегі жұмыстарды аяқтау, сондай-ақ Оңтүстік-Батыс 1 мен Батыс 2 ықшам аудандары арасындағы жолдарды жөндеу жоспарланған.
Биыл жол құрылысына 500 миллион теңге бөлінген. Мердігер компания негізгі үш көшедегі жұмысты жаз соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр.

