Caspianlife, 12 мамыр. Астанада көптен күткен жеңіл рельсті көлік жүйесі — LRT алдағы демалыс күндері жолаушы тасымалын бастайды. Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев журналистерге арналған баспасөз турында мәлімдеді.
Caspian News сайтының хабарлауынша, компания өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарына LRT желісінің жұмысын таныстырды. Алғашқы кезеңде жаңа көлік жүйесі тәулігіне 25–45 мың жолаушы тасымалдайды деп жоспарланып отыр.
Ұзындығы 22 шақырым болатын бағыт «Нұрлы жол» теміржол вокзалынан басталып, елорданың сол жағалауы арқылы халықаралық әуежайға дейін жалғасады. Жалпы желіде 18 станция қарастырылған. Пойыздар толық бағытты шамамен 40 минутта жүріп өтеді.
Жоба аясында пайдаланылатын вагондар Қытайда жасалған. Олар Астананың қатал климатына бейімделіп, -30 градус аязда сынақтан өткен. Әр құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады. Пойыздардың аралығы 5–6 минут болады.
Сондай-ақ вагондардың шу деңгейі барынша төмендетілгені айтылды. Бұл тұрғындарға жайлы әрі жылдам қатынауды қамтамасыз етпек.
Жоба құны шамамен 1,8 млрд долларды құрады. Ал жол жүру бағасы 200 теңге болып бекітілген.
CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаевтың айтуынша, жолаушылар жолақысын банк карталары, Apple Pay, Samsung Pay, QR, Face Pay және көлік картасы арқылы төлей алады. Сонымен қатар билеттерді кассалардан, арнайы автоматтардан және қолма-қол ақшаға сатып алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жеңілдік санатындағы азаматтар LRT қызметін қалалық автобустардағыдай тегін пайдалана алады.

