Caspianlife, 12 мамыр. Атырауда ата-енесі мен әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл ақпаратты Атырау облысының прокуратурасы растады.
Күдіктіге ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша, яғни екі және одан да көп адамды өлтіру дерегімен қатар, мал сату және банк карталарын жымқыру фактілері бойынша 188 және 190-баптармен қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде Наурыз Мұқанғалиевтің 2025 жылдың мамыр айында қайтыс болғаны анықталды. Ал қалған үш адамның қараша айында көз жұмғаны белгілі болды. Сонымен қатар сараптама күдіктіні психикалық тұрғыдан сау деп таныған.
Қазіргі уақытта Сұлтан Сарсемалиев қамауда отыр. Алдын ала мәліметке сәйкес, іс осы айда сотқа жолданып, кейін сот процесі басталады.
Еске салайық, бұл қылмыс туралы алғаш рет Жангелдин ауылында тұратын отбасының 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кетуінен кейін белгілі болған еді.
2026 жылдың 6 қаңтарында Атырау облысы аумағынан жоғалған отбасы мүшелері — отағасы Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның денелері сарайдан табылды. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаттары болғаны анықталды.
9 қаңтарда полиция марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сарсемалиевтің отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікке ілінгенін ресми түрде хабарлады. Сонымен қатар әлеуметтік желіде жоғалған отбасы туралы ақпарат таратқан хакерге халықаралық іздеу жарияланған болатын.
Қанды қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен үйдің қызы да тергеуге алынған. Күдіктілер ақпан айының соңында Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталды. Кейін олар Қазақстанға экстрадицияланып, Атырауға жеткізілді.
Тергеу барысында полиция Сұлтан Сарсемалиевті қылмыс жасалған үйге апарып, тергеу экспериментін өткізді. Күдікті тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, жауап берген.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі жариялаған видеода күдіктінің Атырау қаласында жалдап тұрған үйінің маңынан қазылған шұңқырды көрсеткені байқалады. Тергеу мәліметінше, ол бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттерін сол жерге көмген.

