Журналистермен кездескен Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов облыс бойынша биылғы оқу жылында 196 мектепте 131 900 оқушы білім алатынын айтты.
Пандемияға байланысты 2020—2021 оқу жылын оқушылар қашықтықтан оқиды. Бірақ ата-аналардың өтінішіне орай, бастауыш сыныптар үшін кезекші сыныптар жұмыс істемек.
Сонымен қатар, әкім облыстағы компьютерге мұқтаж 16 693 оқушыға жаңа оқу жылы басталғанша мектептердің 15 246 компьютері қайтарымды келісіммен таратылып беріліп жатқанын айтты.
Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, Атырау облысының әкімі:
— 3000 бала үшін интернет қажет болып отыр. Осы орайда «Қазақтелеком» АҚ-ы интернет желісін қосу жұмыстарын жүргізуде. Одан бөлек ұялы операторлармен келісімдер жүргізіліп, жалпыға міндетті оқу қорынан қайтарымсыз негізде 3000 роутер сатып алынуда.