Асқар Әлмұхаметов – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10 сынып оқушысы. Ол жазғы демалысында қарап жатпай әлемнің үздік жас өнертапқыштарының қатарына кірді.
Нақтырақ айтсақ, атыраулық оқушы Apple компаниясы ұйымдастырған инновациялық жобалар байқауына арнап домбыраның симуляторын екі аптада дайындап шыққан.
Асқар ӘЛМҰХАМЕТОВ, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Мен бұл құрылғыны байқау үшін лайықты деп санадым. Өйткені, Apple қатысушылардың өз мәдениетін насихаттайтын, өз елін танытатын ерекшеліктерді бағалайды. Енді бұл жобамды App Store желісіне іске қосуды жоспарлап отырмын. Егер сұраныс артса, Android жүйесіне де енгіземін.
Жас өнертапқыш мобильді қосымшаға Димаш Құдайбергеннің суретін бейнелеген. Өйткені, әлемге әйгілі өнерпаздың елінен екенін білдіргісі келген көрінеді.
Осылайша, асығы алшысынан тұрған Асқардың туындысы көптің ішінен үздік деп танылды. Байқау жеңімпаздары Apple компаниясының білім грантына ие болады. Ал грант дарынды жастардың Сан-Францико қаласындағы Аpple кеңсесінде тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Бірақ әлемде орын алған пандемияға байланысты бұл жоспар кейінге қалдырылған. Асқардың еңбегін жоғары бағалаған ұйымдастырушылар ынталандыру үшін оған дипломмен қоса компания атынан күзгі күртеше және кәде-сый жолдапты.