CaspianLife, 13 тамыз. Жаңа оқу жылында Ж.Досмұхамбетов атындағы Атырау облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары басқа ғимаратта білім алады. Бұған 25 маусым күні сағат 10:40 шамасында ескі ғимараттың шатырында болған өрт себеп болып отыр. Қазір облыстық білім басқармасы оқушыларды уақытша орналастыратын ғимарат іздеп жатыр.
Лицей 1991 жылы ашылған. Ал оның негізгі ғимараты 1948 жылы салынған, 2007 жылы оған қосымша ғимарат тұрғызылған. Білім беру ұйымы 320 оқушыға арналған. Өткен жылы мұнда 299 бала білім алған.
Атырау облысы білім басқармасының басшысы Марат Абуовтың айтуынша, негізгі ғимаратқа шұғыл жөндеу жүргізіп, кейін жоспарланған жаңғырту жұмыстарын қайта қолға алу бюджетке тиімсіз.
«Сондықтан осы мектептегі мәселені жедел әрі тиімді шешу мақсатында оқу процесін ғимаратты жалға алу арқылы ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе 1 қыркүйекке дейін толық шешіледі», – деді ол.
Қазіргі уақытта мектепті жаңғырту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Жалпы биыл өңірде 9 білім беру ұйымын жаңарту жоспарланған. Алайда әзірге қаржы тек үш нысанға бөлінген. Қалған алты нысанда бюджет тапшылығына байланысты жұмыстар басталмаған.
Тағы бір өзекті мәселе – үш ауысымды оқыту. Қазіргі таңда Атырауда бес мектеп осындай режимде жұмыс істеп тұр. Бұл мәселені шешу үшін апатты деп танылған №11 мектептің орнында 1500 орындық жаңа ғимарат салынып жатыр. Ал №24 мектепке 250 оқушыға арналған қосымша корпус тұрғызылуда.
Сонымен қатар драма театры ауданында 2000 оқушыға арналған «Binom» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын. Еркінқала-2 және Тасқала-2 ауылдарында да әрқайсысы 600 балаға арналған екі мектеп салынып жатыр.
Марат Абуовтың айтуынша, бұған дейін өңірде 11 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген. Жергілікті бюджет пен әкімдік қолдауының, жаңа мектептердің іске қосылуы, күрделі жөндеу және қосымша ғимараттар салудың арқасында олардың саны беске дейін қысқарған.
Бұл мәселені жыл соңына дейін №2, №22 және №24 мектептерді, сондай-ақ Еркінқаладағы және Амандосов атындағы мектептерді пайдалануға беру арқылы толық шешу жоспарланып отыр. Басқарма басшысының айтуынша, аталған жобалар іске асса, келесі жылы сыныптардың шамадан тыс жүктемесі мен оқушы орындарының тапшылығы толығымен жойылады.
Марат Абуов сондай-ақ мектеп оқушыларының ыстық тамағына бөлінетін қаржы әзірге көбеймейтінін айтты. Бір оқушыға тамақтану құны бастауыш сыныптар үшін 720 теңге, жоғары сыныптар үшін 837 теңге болып бекітілген. Бұған дейін кәсіпкерлер бұл соманы 1000 теңгеге дейін көтеруді ұсынған еді.
Қазір өңірде 68 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.
Нұрбибі ТЕМІРТАСОВА

