CaspianLife, 21 қыркүйек. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында бір отбасының төрт мүшесі үй жағдайында дайындалған кептірілген және ысталған балықты жегеннен кейін ауыр жағдайда жансақтау бөліміне түсті.
Оқиға 17 қыркүйекте болған. Сол күні отбасы тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған балықты тұтынған. Зардап шеккендердің үшеуі – ересек адам, біреуі – 10 жасқа толмаған бала.
Олардың жағдайы 18 қыркүйекте нашарлағанымен, медициналық көмекке тек келесі күні жүгінген.
Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, тұрғындар үй жағдайында дайындалған әрі мұздатқышта ұзақ уақыт сақталған кептірілген және ысталған балықты тұтынған.
Маманның сөзінше, соның салдарынан төрт адамның барлығында ботулизмнің ауыр түрі дамып, оларды өкпені жасанды желдету аппараттарына қосуға тура келген.
Қазір науқастар жансақтау бөлімінде дәрігерлердің қатаң бақылауында. Оларға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, ағзаны уытсыздандыру терапиясы жүргізіліп жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, аурудың негізгі белгілеріне жүрек айну, құсу, бас айналу және көру қабілетінің нашарлауы жатады. Кейіннен неврологиялық белгілер пайда болып, адам бағдардан жаңыла бастауы мүмкін.
Мамандар тұрғындарды мұздатқышта ұзақ уақыт сақталған және санитарлық талаптар сақталмай үй жағдайында дайындалған өнімдерді тұтынбауға шақырды. Сондай-ақ белгісіз жерлерден күмәнді өнім сатып алмау және тағамдық гигиена талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Мариям Берікқызы, Маңғыстау облысы

