CaspianLife, 31 наурыз. Бұл – Атырау облысының даласында өсетін және Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғалдақтар.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, Шренк қызғалдағы (Tulipa schrenkii) жойылып бара жатқан өсімдіктер қатарына жатады. Оларды жою Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Заңға сәйкес, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктерді заңсыз жинау, сатып алу, сақтау немесе жою, сондай-ақ олардың мекендеу ортасын бұзу үшін 3 000 (үш мың) айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.
Биыл Қазақстанда 1 АЕК 3 932 теңгені құрайды, демек, қызғалдақтарды жою үшін салынатын айыппұл көлемі 11 млн 796 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бұл ретте бір гүлді жұлып алсаңыз да, тұтас букет жинасаңыз да, жауапкершілік бірдей қарастырылады. Сонымен қатар, Қылмыстық кодексте бұл құқық бұзушылыққа басқа да жазалар белгіленген:
— түзеу жұмыстары немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту,
— 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
— мүлкін тәркілей отырып, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға дейін айыру.
🔗 Дереккөз: www.caspianlife.kz
Сурет: Рахим Қойлыбаев