CaspianLife, 22 наурыз. Бүгін Наурыз мейрамын тойлау күні 5 мың адам қазақтың ұлттық киімін киіп, Ақтауда жиналып, Гиннесс рекордын орнатты. Бұл жетістік «Қазақтың ұлттық киімін киген ең көп адам» номинациясы бойынша тіркелді.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Best Fest Nauryz» шарасына 5 500-ден астам адам тіркеліп, қазақ халқының мәдени мұрасын әлемдік деңгейде насихаттауға өз үлестерін қосты. Олардың қатарында әртүрлі сала мамандары, этнос өкілдері, аға буын өкілдері, сондай-ақ облыстың шалғай ауылдары мен еліміздің басқа өңірлері мен қалаларынан арнайы келген тұрғындар болды.
«Рекордты тіркеу рәсімі Каспий теңізінің жағасында өтті. Арнайы дайындалған алаңға тіркелген қатысушылар жиналып, іс-шара барысын Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері бақылап отырды», – делінген хабарламада.
Бірнеше сағатқа созылған санау нәтижесінде барлық талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификат табысталды. Осылайша, қазақтың ұлттық киімі Гиннесс рекордтар кітабына енді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл тарихи оқиғаның халқымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттаудағы маңыздылығын атап өтіп, жиналған қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
— Бүгін біз Наурыз мейрамын тойлау күні тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Біз әлемге қазақ халқының терең тарихын, бай мәдени мұрасын және ұлттық дәстүрлерін таныттық. Қасиетті Маңғыстау өңірінде қазақтың ұлттық киімі бойынша әлемдік рекорд орнатылды. Барша отандастарымызды осы үлкен жетістікпен құттықтаймын! Қазақ халқының мәдениетін дәріптеуге үлес қосқан бастамашыл топқа, арнайы Лондоннан келген Гиннесс рекордтар кітабының өкілдеріне және рекорд орнатуға атсалысқан барлық қатысушыларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда «Наурыз мейрамы – ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолындағы қазақтың көнеден келе жатқан дәстүрінің ажырамас бөлігі» деп атап өткен еді. Президенттің бастамасымен «Наурызнама» жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Еліміз Наурыз мейрамын 10 күн атап өтеді, 14 наурыз – Амал күнінен басталып, әр күн ерекше мағынаға толы. Баршаңызды жаңа жылдың, көктемгі теңелу мен табиғаттың жаңаруы мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг облыс әкіміне арнайы сертификат табыс етіп, рекорд орнатқан қазақстандықтарды құттықтады.
— Құрметті қазақстандықтар, сіздер Наурыз – халқымыздың басты мерекесі күні рекорд орнаттыңыздар. Бүгін мен қазақ елінің ұлттық дәстүрлерге берік, рухы биік, талғамы жоғары халық екенін көрдім. Сонымен қатар, іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сіздерді осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын! – деді Ричард Стэннинг.